Иран Израильге тағы зымыран атып, Беэр-Шеведе көпқабатты үйге тиді. Қаза тапқандар бар

Иранның әуе шабуылынан қираған көпқабатты тұрғын үйдің орнында жүрген құтқарушылар. Беэр-Шеве, Израиль, 24 маусым, 2025 жыл.

24 маусым күні таңертең Иран Израильге тағы да зымырандар атты. Хабарларға қарағанда, бір зымыран Беэр-Шева қаласындағы жеті қабатты ғимаратқа түскен. Қаза тапқандар бар, оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тель-Авив, Иерусалим, Хайфа және басқа да қалаларда дабыл белгісінің дауысы естілген. The Times of Israel басылымы сейсенбінің таңында Иран Израильге барлығы сегіз зымыран атқан деп жазды.

Израильдің Ұлттық медицина қызметінің (Magen David Adom) мәліметінше, шабуыл салдарынан кемінде үш адам қаза тауып, жеті адам жараланған.

"Шамамен 40 жастағы ер адам, 30 жас шамасындағы әйел және 20 жас шамасындағы жас жігіт алған жарақат салдарынан қайтыс болды. Тағы жеті адам жараланды, олардың бірінің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр", – деп хабарлады Magen David Adom.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иран мен Израиль бітімге келгені жайлы хабарлаған еді. Трамп келісім екі тарап бұрын басталған әскери операцияларын аяқтағаннан кейін бірнеше сағаттың ішінде күшіне енеді деп жазған.

Ал Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи сейсенбі күні таңертең Х әлеуметтік желісіндегі парақшасына: "Дәл қазір атысты доғару немесе әскери іс-қимылды тоқтат тұру туралы ЕШҚАНДАЙ "келісім" болған жоқ. Алайда, егер израильдік режим Иран халқына қарсы заңсыз басқыншылығын Тегеран уақытымен таңғы төрттен кешіктірмей доғаратын болса, біздің одан кейін қарымта әрекеттерді жалғастыру ниетіміз жоқ", - деп жазды.

Израильдің қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) өкілі 24 маусым күні таңертең атысты тоқтату туралы ақпаратқа байланысты пікір білдіруден бас тартты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Иран телеарнасы: Иран атысты тоқтату режимін жариялады