ЖАҢАЛЫҚТАР
Қаңтарда қаза болған археолог Ерлан Жағыпаровты "әскерилер ұрғаны" айтылды

Алматы горнизонының әскери сотында 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып, қаза болған Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановтың өліміне соты басталды.
18 желтоқсанда прокурор айыптау актісін оқыды. Іс бойынша күдікті деп танылған Ұлттық ұланның 55/71 әскери бөлімінің подполковнигі Айтжан Әубәкіровке "Билікті асыра пайдалану" (Қылмыстық кодекстің 451-бабы) бойынша айып тағылған.
Айыптау актісінде оқиға болған күні Жағыпаров пен Қапсаламовты қаза болғанға дейін әскерилер ұрып-соққаны жазылған. Бірақ олардың кім екені тергеу кезінде анықталмаған.
– Әубәкіров қызметтік міндетінің шеңберінен шыға отырып, қылмыстық ойын жүзеге асырып, қасақана 10 метр қашықта АК-74 қаруымен қашып бара жатқан Жағыпаров пен Қапсаламовқа оқ атқан. Осылайша Әубәкіров ұлттық қауіпсіздік туралы заңның 15-бабының 1-, 4-бөлігін бұзған, – деді прокурор Көбей Ержан.
Күдікті Айтжан Әубәкіров пен оның қорғау тарабы өздерін фото-видеоға түсіруге қарсы болды.
Әубәкіров өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ол 2022 жылғы 7 қаңтарға қараған түні Республика алаңындағы әскери блокқа шабуыл жасалған соң қару қолданғанын айтты.
– Бізге қарата қара түсті көлік "таран" жасау үшін келді. Мен дауыстап "таран" деп айқайладым. Осы сәтте оң жақтан, бейберекет қойылған көліктер жақтан оқ атылды. Мен бірінші аспанға аттым. Сосын сол жаққа қарата оқ аттым. Ал рота капитаны Сағындықов бізге қарай келе жатқан көлікке оқ атты. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік бұрылып, кері кетіп қалды. Атыс тоқтады. Мен түн болғандықтан шабуыл жасағандар нешеу екенін көріп үлгермедім. Қарауытқан адам бейнелері құлады, – деді Әубәкіров сотта.
Бұдан бөлек, сотта марқұм Ерлан Жағыпаровтың мүрдесін мәйітханадан тапқан досы Асқар Омарбекұлынан жауап алынды. Оның сөзінше, оқиға болған күні Жағыпаров бірнеше рет телефон шалып, өзін әскерилер ұстағанын айтқан. Сол уақытта телефонмен күдікті Әубәкіровпен де сөйлескен. Тергеу кезінде жүргізілген эксперимент кезінде оның дауысын таныдым деді ол. Бірақ Әубәкіров мұны жоққа шығарды.
– Мәйітханада екі рет болдым. Бірінші рет барғанда көрген де шығармын. Бірақ танымадым ба, жоқ әлде танығым келмеді ме, білмеймін. Нариман "үшінші рет кіріп шықшы, онда жоқ екеніне түпкілікті көзімізді жеткізейік" деді. Ол жерде шынымен де қорқынышты болды. Ондаған мәйіт бірінің үстінде бірі жатты. [Ерланның] екі қолы бірдей сынған екен. Денесінде көптеген жарақат, тесік болды. Сол жақ жамбасының еті жұлынған. Беті көгерген. Беті ісіп кеткені соншалық мен оны бірінші рет танымай қалдым. Санитардан көмектесуді сұрадым. Ол спортшы болған. Денесі ауыр болды. Оның бұрын алған жарақатынан желкесінде темір пластина болған. Сонысынан таныдым. Сол қолында кісен болды. Кісеннің қысылғаны соншалық, білегі сынып кеткен, – деді Асқар Омарбекұлы.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Сәуле Жұмасұлтанқызы күдіктіге тағылған айыпқа келіспейді. Оның сөзінше, іс "Адам өлтіру" бабы бойынша қозғалуға тиіс.
– "Адам өлтіру" бабына ауыстыруды сұрап, өтініш хат түсіргенбіз. Бірақ ол қанағаттандырылмады. Сотқа дейінгі тергеу органдарына шағым да айта алмаймыз. Себебі мұндай істерде әскерилердің іс-әрекетін "Билікті асыра пайдалану" бабы бойынша саралау сот практикасы қалыптасқан. Сол себепті осыны ескере отырып, сот процесінің нәтижесіне қарай тағы да өтініш хат түсіру мәселесін қарастырамыз, – деді адвокат.
Сотқа іс бойынша жәбірленуші деп танылған Әуез Қапсаламовтың туыстары да, адвокаты да келмеді. Прокурор марқұмның туыстарына хат жолданған деді.
Ерлан Жағыпаров туған өлкесінің тарихын зерттеумен айналысқан, археологтармен талай рет экспедицияға барған. Ежелгі тастарды жойылып кетуден сақтауға үлес қосқан.
Қаңтар оқиғасы Қазақстанның батысында сұйылтылған газ бағасының көтерілуіне байланысты наразылықтан басталған. Көп ұзамай халықтың әл-ауқатының төмендеуіне қарсы бейбіт наразылық саяси сипат алып, Қазақстанның басқа қалаларына да тарады. Кей қалада митингілер аяғы тәртіпсіздікке, әкімшілік ғимараттарды басып алып, дүние-мүлікті қиратып, өртеуге, азаматтарды жаппай ұстауға ұласып, кісі өліміне әкеліп соқты.
Наразылықты басу үшін биліктің сұрауымен сырттан Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымның әскері шақырылып, елге енгізілді. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қаза тапқан, арасында балалар да бар.
Басқа да жаңалықтар
Грузия соты оппозицияның үш лидеріне түрме жазасын кесті

23 маусым күні Грузия соты елдегі оппозициялық партиялардың үш көшбасшысын: "Лело – қуатты Грузия" партиясының негізін салушылар Мамука Хазарадзе мен Бадри Джапаридзені сегіз айға, ал "Гирчи" партиясының негізін қалаушы Зураб Джапаридзені жеті айға бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Бұған қоса оларға мемлекеттік лауазым атқаруға екі жылға тыйым салынды, деп хабарлады Азаттықтың "Эко Кавказа" сайты.
Оппозициялық саясаткерлер бұрынғы үкіметтің іс-әрекеттерін зерттеген парламенттік тергеу комиссиясының отырысына қатыспағаны үшін сотталды.
Зураб Джапаридзе үкім шыққан сәтте қамауда болған. Ал Хазарадзе мен Бадри Джапаридзені дүйсенбі күні кешке Тбилисидегі партия кеңсесінде ұстап, алып кеткен. Бұл кезде кеңседе олардың жақтастары, өзге оппозициялық күштердің өкілдері және Грузияның бесінші президенті Саломе Зурабишвили де болған.
Оппозициялық саясаткерлер өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, бұл істі саяси қудалау деп есептейді.
Венгрия мен Словакия Ресейге қарсы санкция салуға қарсы шықты

Брюссельде өткен Еуроодақ сыртқы істер министрлері кеңесінде Венгрия мен Словакия Ресейге қарсы 18-санкциялар пакетін қабылдауға қарсы болды. Бұл туралы Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийярто хабарлады. Оның айтуынша, аталған екі ел Еурокомиссияның Ресейдің энергетика ресурстарынан кезең-кезеңімен бас тарту жоспарына жауап ретінде осындай қадамға барған.
"Бүгін біз Словакиямен бірге 18-санкциялар пакетін қабылдауға жол бермедік, – деді Сийярто журналистерге. – ЕО мемлекеттеріне, соның ішінде Венгрия мен Словакияға да, ресейлік табиғи газ бен ресейлік арзан шикі мұнайды сатып алуға тыйым салынатын болғандықтан біз осылай жасадық".
Брюссельде бұған қоса Еуроодақ елдерінің тұрақты өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан жиында жаңа санкциялар пакеті талқыға түсті. Еурокомиссия 18-пакетке "Солтүстік ағыс - 1" және "Солтүстік ағыс - 2" ресейлік газ құбырларына қарсы шектеулер енгізуді, сондай-ақ Ресей мұнайына белгіленген баға шегін 60 доллардан 45 долларға дейін төмендетуді ұсынып отыр. Бұдан бөлек, Ресейдің "тасадағы танкер флоты" деп аталатын 80 шақты кеме де санкция тізіміне енгізілуі мүмкін.
Бұған дейінгі 17-санкциялар пакеті 20 мамырда мақұлданған еді. Ол тізімге шамамен 200 кеме, 75 жеке және заңды тұлға енгізілген. Олардың арасында ресейлік "Сургутнефтегаз", "Стан" станок құрастыратын холдинг ("Ростех" құрамындағы), ВСК сақтандыру компаниясы, Бас радиожиілік орталығы және КАМАЗ концерні басшысы Сергей Когогин бар.
Тоқаев рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды

23 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сотталған адамдарға рақымшылық жариялау туралы заңға қол қойды. Ол бұл туралы елдегі күштік құрылымдардың алғашқы кеңейтілген алқа отырысында мәлімдеді.
Бұған дейін парламент "Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң жобасын қабылдаған.
"Мұны жаза басқан жандарға жасалған нақты көмек, олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау деп түсіну қажет. Әл-Фарабидің сөзімен айтсақ, бұл – шын мәнінде қайырымды елге тән сипат. Мемлекет шалыс қадам басқан азаматтан теріс айналмайды, тек оның тура, дұрыс жолға түсуіне жәрдем береді. Өйткені, әділетті елдің соты – әділ, ниеті түзу болуға тиіс. Бірақ рақымшылық жасау дегеніміз, бұл – барлық мәселенің шешімі емес, бір реттік қана шара екенін түсінген жөн", – деген президент дүйсенбідегі жиында.
Тоқаев қылмыстық-атқару жүйесін түбегейлі реформалау қажеттігі туындап отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл жүйе сотталғандарды қоғамнан оқшаулауға емес, оларды қайта тәрбиелеуге бағытталуы тиіс.
Алда болатын рақымшылық 15 мыңнан астам сотталған адамға жасалынады. Олардың шамамен екі мыңы бостандыққа шықса, қалғандарының жазасын өтеу мерзімі қысқартылады. Рақымшылыққа негізінен жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыстар жасаған, әлеуметтік жағынан осал санаттарға жататын азаматтар ілінеді: балалы әйелдер, қарттар, кәмелетке толмағандар және басқа азаматтар.
Қол қойылған заңға сәйкес, мынадай қылмыс жасағаны үшін сотталғандар амнистияға ілінбейді:
- сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм қылмыстары үшін сотталғандар (экстремизмге нақты не жататыны айтылмаған);
- қайтадан қылмыс жасаған, әсіресе аса қауіпті қылмысты қайталағандар;
- өмір бойына бостандығынан айырылғандар мен өлім жазасы басқадай жазаға ауыстырылғандар;
- ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында қылмыс жасағандар;
- қамау орындарында қасақана қылмыс жасағандар;
- аса ауыр қылмыстар: адам өлтіру, зорлау, адам саудасы, қарақшылық, есірткі (сату), қару-жарақ, жаппай тәртіпсіздік және т.б.
2025 жылғы 19 маусымда бұл заң жобасын сенат мақұлдаған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары саяси тұтқын деп таныған азаматтық белсенділер бұл рақымшылыққа ілінбейтін тәрізді дейді құқық қорғаушылар. Ресми Астана елде "саяси тұтқын" да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.
Азаптау істері бойынша сотталған бұрынғы күштік құрылым қызметкерлеріне бұл рақымшылық қолданыла ма, жоқ па, ол жөнінде ешқандай ақпарат берілген жоқ.
Иран Катардағы АҚШ-тың әуе базасына шабуыл жасады

Иран Катардағы АҚШ-тың әскери базасына алты ракетамен шабуыл жасады. Бұл туралы америкалық Axios агенттігі хабарлады. Reuters Катар астанасы Доха маңында будақтаған түтін көрінгенін жазды.
Артынша Иранның ислам революциясы сақшылары корпусы Катардағы АҚШ-тың Аль-Удейд әуе базасына шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Катар сыртқы істер министрлігі бұл базадан алдын ала эвакуация жасалғанын, ешкім зардап шекпегенін айтады. Бұған қоса, министрлік Иран ұшырған ракеталар құлатылды дейді.
Израиль Иранның әскери нысандарына соққы жасады

23 маусымда Израильдің қорғаныс әскері (ЦАХАЛ) Иранның әскери нысандарына шабуыл жасағанын мәлімдеді. Израиль әскерилерінің айтуынша, алты аэродромға, қару қоймаларына және ракета жіберетін құрылғыларға соққы жасалған.
ЦАХАЛ басқа ақпарат таратпады. Иран билігі де бұл хабарламаға қатысты ештеңе деген жоқ. Ал Қызық жарты ай ұйымының Ирандағы бөлімшесі Тегерандағы кеңселерінің жанындағы ғимаратқа соққы болғанын айтады.
Израиль басылымдары Ирандағы Эвин түрмесінің қақпасына "символды соққы" жасалғанын жазып жатыр. Ирандағы ең қатты қорғалған түрмеде саяси тұтқындар, журналистер, белсенділер және шетелдіктер қамалған.
Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац ел әскері Тегеранға шабуылдағанын мәлімдеді. Шабуылдың мақсаты – «режимнің нысандары мен үкіметтің репрессиялы органдары» болған.
Иранның ислам революциясы сақшылары корпусына жақын дереккөздер Израиль Фордо уран өндіретін зауытына да шабуыл жасағанын айтқан. Кеше, 22 маусымда АҚШ та осы зауытты шабуылдаған.
23 маусымда Иран Израильге де шабуылдады. Елде дабыл қағылды.
Ресей армиясы Киевке шабуыл жасады. Қаза тапқандар мен жараланғандар бар

23 маусымға қараған түні Украина астанасына Ресей күштері жасаған әуе шабуылының салдарынан кемінде алты адам қаза тауып, 19 адам жараланған. Бұл туралы Киев қаласы билігі мен Украина бас прокурорының кеңсесі хабарлады.
Шабуыл салдарынан Шевченко ауданында бес қабатты тұрғын үйдің бір подъезі қираған. Қатар тұрған үйдің терезелері сынып, жақын маңдағы көліктер жанып кеткен.
Сонымен қатар Святошин, Соломен, Голосеев және Дарница аудандарындағы көпқабатты және жеке тұрғын үйлер, кеңсе ғимараттары, қоғамдық тамақтану, сауда орындары мен автокөліктер зақымданған.
Украинаның төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметінің мәліметінше, Киев облысында шабуыл салдарынан бір бейбіт тұрғын қаза тауып, сегіз адам жараланған.
Киев облысының Борисполь ауданында Ресей шабуылы салдарынан екі жеке үй жанып кеткен. Белацерков ауданында жеке және көпқабатты тұрғын үйлер бүлініп, медицина мекемесі орналасқан қонақүй ғимараты қираған. Буча ауданында төрт жеке үй мен үш автокөлікке зақым келген.
Херсон облысының Берислав қаласында ресейлік дрондар шабуылынан бір бейбіт тұрғын қаза тапқанын аймақ прокуратурасы хабарлады.
Жалпы, 22 маусымның кешінен бастап Ресей әскері Украина аумағына 350-ден астам дрон, 11 "Искандер-М/KN-23" баллистикалық зымыранын және бес "Искандер-К" қанатты зымыранын ұшырған.
Украина қарулы күштері бес қанатты және жеті баллистикалық зымыранды, оған қоса 146 дронды атып түсіргенін хабарлады.
Украина билігі мен халықаралық ұйымдар Ресей армиясының бұл шабуылдарын әскери қылмыс деп бағалайды. Ресей соғыс басталғаннан бері азаматтық нысандарға шабуыл жасамаймыз деп мәлімдеп келе жатыр.
Трампты сынаушылар АҚШ-тың Иранға жасаған әуе шабуылын заңсыз деп атады

Жексенбі күні бірнеше америкалық заң шығарушы АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранның ядролық нысандарына әуе шабуылын жасау туралы берген бұйрығы Конституцияға қайшы деп мәлімдеп, Конгресті Иранға қарсы болашақта болуы ықтимал әскери іс-әрекеттерге тосқауыл қоюға шақырды.
Конгрестің қос палатасын басқарып отырған республикалық партия өкілдері президенттің шешімін қолдап, Иранның ядролық нысандарын бомбалауды "қажет қадам" деп атағанымен, Конгрестегі демократтардың көбі және кейбір республикашылдар президентті сынға алды.
Сенаттағы демократтар фракциясы жетекшілерінің бірі Дик Дурбин президенттің әрекеті "Америка Құрама Штаттарын Таяу Шығыстағы соғыс табалдырығына жеткізді, әрі бұл Конституция талап ететін Конгрестің келісімінсіз жасалды" деп мәлімдеді. Демократ сенатор Тим Кейн Сенат пен Өкілдер палатасының мақұлдауынсыз әскери әрекет жасауға тыйым салатын қарарды дауысқа салатынын айтты. Конгрестегі басқа да демократтар осыған ұқсас мәлімдемелер жасады, кейбіреуі, мысалы Өкілдер палатасының мүшесі Александрия Окасио-Кортес, президенттің әрекеті импичмент жариялауға лайық деп біледі.
Республикашыл конгрессмен Томас Масси Трамптың шешімін "Конституцияға қайшы" деп атағаны Трамптың шамына тиді. Президент конгрессменнің өзін сынға алып, әлеуметтік желідегі өз парақшасына: "Масси – әлсіз, ешқандай пайдасы жоқ, тіпті жақсы ұсыныстарға да үнемі "жоқ" деп дауыс береді", – деп жазды.
АҚШ-тың Иранға жасаған шабуылдары Трампты қолдайтын MAGA (Make America Great Again – Американы қайтадан ұлы елге айналдырайық) қозғалысының ішіне де жік салды. Президент Иранға әуе шабуылы жасалғаны жөнінде халыққа үндеу жасағаннан кейін, Трамптың бұрынғы жақын кеңесшісі әрі MAGA қозғалысының ықпалды тұлғасы Стив Бэннон бұл шешімді "көптеген MAGA мүшелерінің президенттен естігісі келгені бұл емес еді" деген.
Трамптың Конгресстегі ең белсенді жақтастарының бірі, Өкілдер палатасының мүшесі Марджори Тейлор Грин президенттің бұл шешіміне келіспейтінін, себебі ондай шешім АҚШ-ты соғысқа тартады деп есептейтінін айтты. Президенттің көптеген жақтастары Трамп АҚШ-ты "бітпейтін соғыстардан" шығару туралы сайлауға дейін берген өз уәдесін бұзды деп наразы.
Әйткенмен, сарапшылар атап өткендей, президенттің шешімін MAGA қозғалысындағы бірнеше беделді тұлға қолдады. "Республикалық партия бұрын-соңды болмаған бірлік танытып отыр", – деп мәлімдеді Трамп АҚШ-тың Иранға шабуыл жасаған күннің ертесіне.
АҚШ Иранға Ормуз бұғазын жабуға және қарымта шабуыл жасауға тырыспауды ескертті

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Тегеранды Иранның ядролық нысандарына АҚШ жасаған шабуылға қарымта қайтармауға шақырды. Ондай шабуыл "олар жасауы мүмкін ең үлкен қателік болар еді" деді Рубио. Бұған қоса ол Иран Ормуз бұғазын жабуға тырыспауы керек екенін айтты.
Парсы және Оман шығанақтарын жалғап тұрған Ормуз бұғазы арқылы күн сайын әлемде тұтынылатын мұнайдың шамамен 20 пайызы тасымалданады. Жексенбі күні Fox News телеарнасының таңғы бағдарламасына берген сұхбатында Рубио бұғазды жабуға тырысқан кез келген әрекетке АҚШ қана емес, басқа елдер де жауап береді деп мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Тегеранды бұғазды жабуға әрекет жасамауға көндіру жөнінде Пекинге қолқа салғанын айтты.
АҚШ Иранға қарсы әскери операция жүргізуді жоспарлап отырған жоқ және Тегеранмен келіссөздерді жалғастырудың мүмкіндігі бар екенін көріп отыр деді Рубио. Ол АҚШ Иранның ядролық нысандарына жасаған шабуылдардың мақсаты орындалды деп есептейді. "Оларда ядролық қару жасауға қажеттінің бәрі бар еді. Енді – жоқ", – деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.
Бұған дейін NBC News телеарнасы Вашингтон Тегеран АҚШ-тың әуе шабуылына алдағы екі күнде қарымта қайтаруы мүмкін деп қауіптеніп отырғанын хабарлаған еді. Азаттықтың Парсы қызметінің ирандық БАҚ ақпаратына сүйеніп хабарлауынша, Иранның бір палаталы парламенті – Межлис үкіметтен Ормуз бұғазын жабуды талап еткен.
Азаттық журналисі Қырым түрмесінен бостандыққа шықты

Азаттық радиосы "Крым.Реалии" редакциясының журналисі Владислав Есипенко төрт жыл абақтыда отырғаннан кейін бостандыққа шықты. Ресей билігі Қырымды аннексиялаған соң оны Украинаның барлау қызметіне ақпарат жинады деп айыптап, түрмеге қамаған. Есипенко өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.
Ресей мен Украина азаматтығы бар Владислав Есипенконы Ресейге қарасты Қырым билігі 2021 жылы наурызда ұстады. 2022 жылы ақпанда Қырымдағы ресейшіл сот оны "тыңшылық жасады" деген айыппен алты жылға бостандығынан айырды. Кейін Мәскеудегі сот жаза мерзімін бес жыл етіп қысқартқан. Бұған қоса оған "жарылғыш заттар сақтады және тасымалдады" деген айыптар тағылды.
Азаттық радиосы мен адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар журналиске қолдан жасалған айыптар тағылды деп мәлімдеді. Сот процесінде Есипенко тергеушілер оған жалған айыпты мойындату үшін электрошок қолданып, азаптағанын айтып куәлік берді.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының басшылығы журналисті босатуға атсалысқан АҚШ пен Украина үкіметтеріне алғыс білдірді.
"Владислав ешбір қылмыс жасамаса да төрт жылдан астам уақыт бойы негізсіз қамауда отырды. Оны Ресей басып алған Қырымда болып жатқан оқиғалар жайлы шындықты айтқаны үшін аса ауыр жазаға тартты. Осы үшін оған физикалық және психологиялық азап көрсетілді. Біз оның жары Екатеринамен және қызы Стефаниямен қайта қауышқанына қуаныштымыз, бірақ ресейлік биліктің оның отбасына келтірген азабын ұмыта алмаймыз", — деді Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Стивен Капус.
- 2022 жылы қарашада Украина прокуроры журналист Владислав Есипенконы заңсыз ұстау және азаптауға қатысы бар Ресей федерациясы қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) қызметкеріне қарсы қылмыстық іс қозғаған. Ал 2023 жылы қыркүйекте Еуропа одағы бұл іске қатысы бар алты адамға — екі судья, бір прокурор және екі ФСБ қызметкеріне санкциялар енгізген.
Дамаскідегі католик шіркеуінде мінәжат кезінде жанкешті өзін жарып жіберді

22 маусым күні Дамаскідегі әулие Илия грек-католик шіркеуінде жарылыс болды. Куәгерлердің айтуынша, діни рәсім кезінде ғимарат ішінде жанкешті өзін жарып жіберген. Жарылыс алдында ол шіркеуге жиналған адамдарға оқ атқан.
Жексенбі кешіндегі мәлімет бойынша, 20 адамның қаза тауып, ондаған адам жараланған деп жазды Reuters агенттігі. Сирияның мемлекеттік САНА агенттігінің хабарлауынша, билік бұл шабуылға көптеген елде террористік ұйым деп танылған "Ислам мемлекеті" тобының қатысы бар деп мәлімдеген.
Бұл оқиға 2024 жылғы желтоқсанда Сирияда Башар Асад режимі құлатылғаннан кейін Дамаскіде жасалған алғашқы жанкештілік шабуыл болды.
АҚШ соққылаған Ирандағы Фордо ядролық орталығының спутниктен түсірілген суреттері жарияланды

22 маусымға қараған түні АҚШ соққылаған Ирандағы Фордо ядролық орталығының спутниктен түсірілген суреттері жарияланды. Суреттерден нысан орналасқан тау массиві, кешеннің сыртқы бөлігі мен туннельге кіреберіс бүлінгені көрінеді.
Дегенмен нысанның қаншалықты бүлінгені әзірге белгісіз.
Бұған дейін Иран мемлекеттік телерадиокешені басшысының орынбасары Хасан Абедини Иран билігі үш ядролық нысаннан соққы жасалмай тұрып материалдарды алып кеткенін мәлімдеген.
"Байытылған уран қоры ядролық орталықтан әкетілген, ол жақта ешқандай материал қалған жоқ. Егер оларды нысанаға алған болса, радиация тарап, отандастырымызға зиян келтіруі мүмкін еді" деді Хасан Абедини. Оның сөзінен Reuters үзінді келтіреді.
Иран парламентінің кеңесшісі Мехди Мохаммад Тегеран Фордоға соққы жасалатынын алдын ала сезіп, ондағы мамандары мен материаларды көшіргенін айтты. Оның сөзінше, шабуылдың салдары аса ауыр емес.
Спутниктен бақылау жасау қызметін көрсетін Maxar компаниясы соққыға дейін екі күн бұрын Фордо зауыты аумағында көліктердің ерекше көп екенін тіркеген. Бұл кәсіпорыннан байытылған уран тасымалданғанын дәлелдеуі мүмкін.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) АҚШ соққысынан кейін Иран аумағында жоғары радиация тіркелмегенін мәлімдеді.
NBC News: АҚШ Иранның қарымта шабуылына дайындалып жатыр

Президент Дональд Трамп әкімшілігі Иранның қарымта шабуылына дайындалып жатыр. Алдағы 48 сағат ерекше күрделі болмақ. Бұл жөнінде Пентагон мен Ақ үйдегі дереккөздерге сүйенген NBC News жазды.
Дереккөздердің айтуынша, Иран АҚШ-тың сырттағы ядролық нысандарын нысанаға ала ма әлде ел ішіндегілерін көздей ме, ол жағы әзірге белгісіз.
Американың әскери базалары бірнеше айдан бері жоғары әскери дайындық режимінде. Бірақ Ақ үйдегі дереккөздердің айтуынша, алаңдаушылық 13 маусымда Израиль Иранға қарсы әскери қимыл бастаған кезде күшейген.
Ал Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи АҚШ бейбіт ядролық бағдарлама нысанына шабуылдап, ядролық қаруды таратпау режимі мен халықаралық құқықты өрескел бұзды деп мәлімдеді.
"Бүгін таңертеңгі болған оқиға – бассыздық. Оның салдары ұзаққа бармақ. БҰҰ-ның әрбір мүшесі осы аса қауіпті, заңсыз, қылмысқа алаңдауы керек" деп жазды Аракчи X желісінде.
Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігі АҚШ соққысына байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді ұсынды.
Америка әскері 22 маусымға қараған түні Иранның Фордо, Натанз және Исфахандағы үш ядролық нысанына шабуылдаған. Фордоға B-2 жойғыш ұшағы шабуылдаған, олар алты ауыр бомба тастаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп барлық нысандар жойылғанын мәлімдеп, Тегеранды келіссөзге шақырды. Иран билігі шабуыл болғанын растап, Фордодағы нысан соққы болмай тұрып эвакуацияланғанын хабарлады. Әзірге ядролық нысандардың қаншалықты бүлінгені жөнінде тәуелсіз дереккөзден ақпарат жоқ.
Астанада жеңіл моторлы ұшағы апатынан екі адам қаза болды

22 маусымда сағат 11:30 шамасында Астананың Жоламан аэродромы маңында оқу-жаттығу кезінде TL-2000 жеңіл моторлы ұшағы апатқа ұшырап, экипаж мүшелері - екі адам қаза болды.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, оқиғаның жай-жапсарын анықтап, тексеру үшін арнайы комиссия құрылған. Ұшақ жеке тұлғаға тиесілі болған.
"Көлік министрлігіне қарасты көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті қызметкерлері авиациялық оқиғаға орнына барады" деп жазылған ресми хабарламада.
Украинада Ресей әскері соққысынан екі адам қаза болды

Ресей әскері жексенбі, 22 маусымға қараған түні Украинаға әуеден соққы жасады. Нәтижесінде кемінде екі адам қаза болған. Жараланғандар да бар. Донецк облысының Славянск еллді мекенінде 17 жастағы жасөспірім қаза болған, тағы үш адам жараланған. Ондаған азаматтық инфрақұрылым нысаны бүлінді деп хабарлады Донецк облысы әкімшілігінің жетекшісі Вадим Филашкин.
"Славянскіде 17 жастағы бозбала қаза болды, үш адам жараланды. 32 жеке үй, 2 әкімшілік ғимарат, 4 көп қабатты тұрғын үй, өндіріс ғимараттары, 3 көлік бүлінді" деп жазды Филашкин өзінің телеграм-арнасында.
Сенбі күні кешке Ресей әскері Донецк облысы Краматорскідегі көп қабатты тұрғын үйге соққы жасаған. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер бар, үйінді астында кемінде бір адам болуы мүмкін.
Ал Харьков облысының Старый Салтов елді мекенінде Ресей әскері соққысынан ер адам қаза болған. Бұл жөнінде облыстық әскери әкімшіліктің жетекшісі Олег Синегубов хабарлады.
NYT: Аятолла Хаменеи өзі қаза болған жағдайда орнын кім басатынын айқындап қойған

Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи өзі қаза болған жағдайда өзінің орнын басатын үш үміткерді айқындап қойған.
Бұл жөнінде Тегерандағы дереккөздерге сүйенген New York Times жазды. Мақала авторларының тұжырымдауынша, Хаменеи рухани көсем қызметінен үміткер үш адам мен әскерді басқара алатын қолбасшылар тізімін әзірлеп қойған.
“Қазір ел соғыс жағдайында отыр, аятолла биліктің жылдам, ретті түрде ауысқанын қалайды және өзінің мұрасын сақтап қалғысы келеді” деп жазылған мақалада.
Соғыс басталғалы бері Хаменеи екі рет алдын ала жазылған видео мәлімдеме жасаған. Әдетте ол Тегеран орталығындағы күзеті күшті кешенде отырады және уағыз айту сияқты жағдайларда ғана ғимараттан шығады.
Осыған дейін ақпарат құралдары Әли Хаменеи күзеті күшті ерекше құпия орынға ауыстырылғанын жазған.
Израиль Әли Хаменеиді нысанаға алғанын жоққа шығармаған.
ПІКІРЛЕР