Көпшілікке арналған екі көпірдің құрылысын кейінге шегерді
Отыз жыл ішінде Есіл өзенінің оң жағалауынан сол жағалауына өтіп, қанат жайған Астанада кептелісті азайтуға бірнеше көпір керек. Халық Кенесары мен Қорғалжың көшелерін жалғайтын көпір жобасының іске асырылуын бірнеше жылдан бері тосып жүр. Бірақ былтыр әкімдік басы басталған бұл құрылысты кемі 2027 жылға дейін доғарып қойды. Себебі "бюджетте ақша жоқ".
Орталықтан теміржол бөліп жатқан кейбір шеткері аудандарға да көпір қажет. Өндіріс деп аталатын ықшамауданның халқы қалаға айналма жолмен барады.
Жергілікті билік бұрын темір жол үстінен көліктерге арнап көпір салуға жоспар құрған. Бірақ былтыр тұрғындармен кездескен қала әкімі Жеңіс Қасымбек әзірге шығыны көп жоба "іске аспайды" деп кесіп айтты.
Астанада біз айтқан екі көпір салынбағанымен, Есіл өзенінің үстіне жасырын тұрғызылған көпір бар екені белгілі болды. Ол "Нұрлы жол" теміржол вокзалына жақын тұста. Ақшаңқан көпірге тек алыстан көз тастай аласыз. Жол белгілері мәшинені былай қойғанда, жаяу адамға да ол жаққа жақындауға тыйым салады.
Google компаниясы спутниктен түсірген суретке қарағанда, көпір 2024 жылы пайда болған. Жақын маңда тұратын адамдар оның өте тез салынғанын айтады. Google құрылыс барысын суретке тартып үлгермеген. Картадан 2023 жылы көпір болмағанын, ал 2024 жылы дайын тұрғанын ғана көре аламыз. Көпірдің екі жағындағы бірнеше шақырымдық жол да былтыр түскен.
"Президенттің жабық трассасы"
Көпірге ең жақын орналасқан көп қабатты үйлердің бірнеше тұрғыны жолды "президенттің арнайы трассасы" деп атады.
– Ол жаққа кіргізбейді ғой бізді. Президентке арналған жабық трасса бар ғой, – деді өзін Бақнияз Қаһарманов деп таныстырған Астана тұрғыны.
– Ол, менің білуімше, президент жүретін көпір. Қашан салынғанын білмеймін. Өзіміз жақында көрдік. Қоныстанғанымызға 3-4 ай ғана болды, – деді тағы бір астаналық азамат Мұрат Өміржанов.
Келесі бір тұрғын Құралай Рахматпен диалогымыз былай өрбіді:
– Бұл резиденцияға өтетін көпір ғой.
– Кімнің резиденциясына?
– Тоқаевтың (Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев – ред.), президенттің.
– Президент күнде сол жолмен барып-келіп жүре ме?
– Иә, барып-келіп жүреді. Рас-өтірігін білмеймін, көпірді екі жұманың ішінде тұрғызған дейді ғой. Біздің үйді салған құрылыс компаниясының балалары бар, солар айтқан.
– Өзіңіз президент өткенін байқайсыз ба?
– Әрине, күнде азанда жұмысқа барады, кешке қайтады. Мен тіпті кейде сағатыма қарап бүгін 10 минут кешікті ғой деймін. Әшейінде сағат 9-да өтеді. Кейде 9.30-да өтеді. Кешке ерте қайтады бірақ. 17.30-да үйінде болады. Түсте де өтеді. Сағат 1-де былай қарай, сосын ары қарай өтеді.
Сұхбаттасымыз айтқан көлік кортежі президенттікі деп нақты тұжырым жасай алмаймыз. Көпір жөнінде бұған дейін мемлекеттік мекемелер ресми ақпарат таратпаған, ешбір жаңалық сайтынан да мәлімет таппадық.
Егжей-тегжейлі ақпаратты Астана әкімдігі мен президенттің іс басқармасынан сұрадық. Президент іс басқармасынан жауап келмеді. Астана әкімдігіне қарасты мекеме хат жолдады, бірақ онда әлгі көпір мен жол жөнінде мүлде ештеңе айтылмаған.
Есесіне, әкімдік қалада кезінде тоқтап қалған он шақты көше қайта салына бастағаны немесе жөнделіп жатқаны туралы үш бет жазған.
– Астана қаласы белсенді түрде өзгеріп келеді: инфрақұрылымды жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар орталық көшелерді де, тұрғын алаптарын да қамтиды. Бұл тек көлік жағдайын жақсартып қана қоймай, қала тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттырады, – деп жазған Астана қаласы көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы Азаттыққа жазбаша берген жауабында.
Көпір қай жерде?
Мемлекеттік мекемелер бұл жоба қандай қажеттіліктен салынғаны, құны қанша теңгеге түскені жайлы сұраққа сол күйі жауап бермеді. Ендеше өзіміз көзбен көргенімізді және ашық дереккөздегі ақпараттарды баяндайық.
VIP көпір мен трассадан арнайы көліктер ғана жүреді. Алыстан қарасаңыз, көпір мен жолды құзырлы органның бір қызметкері күзетіп тұрғанын байқауға болады. Жалпы жолды полиция көлікпен жүріп бақылайды.
Күтімі де жаман емес. КАМАЗ маркалы көліктер жиі жуып өтеді. Айналасын тазалықшылар тап-тұйнақтай етіп ұстайды.
Көпірдің құны нақты қанша екені белгісіз. Қазақстанда мұндай жобаларға көлеміне қарай 6 млрд теңгеден 60 млрд теңгеге дейін қаржы жұмсалғаны туралы деректер бар.
Жол "саяжайлардың" жанынан өтсе де, ортасын қорғанмен бөлген. Шамамен, 2 шақырым аумаққа тартылған қаша жай қаңылтыр емес, дыбыс өткізбейтін арнайы қоршау етіп тұрғызылған. Есіл өзені бойында, біркелкі етіп қырқылған көгал ішінде жатқан бұл жолдың сыртқы ортадан әлемі бөлек.
Жолдың Ақордағы апаратын бөлігі Google, Yandex карталарында бар. Бірақ жұрт жиі қолданатын 2gis қосымшасына енгізілмеген.
Ұлы дала мен "А 52" көшелерін қосатын үлкен көпірдің жанында орналасқан. Есіл өзенінің үстіне түскендіктен, ұзындығы жағынан жанындағы үлкен көпірден аса көп айырмашылық жоқ, 100 метрден асады. Ал тұрқы аласа әрі ені тар: екі жолақты.
Екі жағындағы 4 шақырымнан астам асфальт жол да 2024 жылы пайда болған. Картаға көз салсақ, қала сыртында жаңа резиденциядан басталатын жол тікелей Ақордаға алып баратын, көпшілікке жүруге рұқсат етпейтін өзен бойындағы трассаға қосылады.
Еске сала кетейік, Астана қаласының іргесіндегі жасанды орман ішіне 2021-2023 жылдар аралығында алып резиденция жаңадан тұрғызылған. Оның құрылысы да құпия жүрді. Тельман тұрғын алабына қарсы беттегі алып үйге президент іс басқармасы иелік етеді. Онда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұра ма, жоқ әлде басқа мақсатта салынды ма деген сұраққа Азаттық құзырлы мемлекеттік органдардан нақты жауап ала алмаған еді.
Жақын маңдағы үйлерге көлікпен бару қолайсыз
Geneva деп аталатын көпқабатты үйдің тұрғындарына бұл жолдың кедергісі көп. Үлкен көпір астындағы бұрылыспен қозғалуға тыйым салынған. Өйткені арнайы трасса соның астынан өтеді. Халық мәшинемен 3 шақырымдай жерді айналып жүреді.
– Үйім мынау өзеннің арғы жағында тұр. Geneva-да. Көрші үйдің ауласымен кіремін. Көпір астынан тікелей өте алмаймын. Көпір астынан өту ыңғайлы болар еді, бірақ тыйым салатын жол белгісін қойып тастаған. Өйткені соның жанында арнайы трасса жатыр. Сол үшін шығар дейміз. Полиция патрулі тұрады үнемі. Өткен адамдарға айыппұл салады. Әзірге арғы жағындағы Zauzar деген үйдің ауласы арқылы кіріп жүрміз. Егер ертең Zauzar тұрғындары ауласын жауып, шлагбаум қойып тастаса, қалай кіретінімізді білмейміз. Мәселе шлагбаум қойылғаннан кейін көтерілетін шығар. Басқа бір жол бар, бірақ алыс. Ол үшін үш шақырым жолды басып келіп кіруіміз керек болады – деді Бақнияз Қаһарманов.
Жасырын көпір мен жабық жол туралы мәлімет қашанға дейін құпия сақталатыны белгісіз. Азаттық бұған дейін бұрынғы және қазіргі президент тұсында оннан астам резиденция тұрғызылып, маңайына ешкімді жүргізбейтін жолдар салынғанын көрсеткен.
Резиденциялардың біразын бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев жекешелендіріп алған, кейбірі Қанда Қаңтар оқиғасынан кейінгі үш жыл ішінде мемлекетке қайтарылған. Бірақ мұндай ақпаратты билік жария қылмайды.
ПІКІРЛЕР