Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Jusan Bank-ке иелік етуші шетелдік компаниялар Қазақстан үкіметін сотқа берді

Иллюстрация.
Иллюстрация.

Қазақстандағы ірі банктердің бестігіне кіретін Jusan Bank-тің ірі акционері Қазақстан үкіметін "компанияның активтерін тартып алу үшін заңсыз әдістер – тәркілеу мен қорқытып-үркіту науқанын жүргізді" деп айыптады.

Jusan Bank-тің ірі акционері First Heartland Securities АҚ-ға иелік ететін Ұлыбританияда орналасқан Jusan Technologies ltd мен оның ірі акционері, АҚШ-тың Невада штатында тіркелген Jysan Holding компаниясы Невада штатының федерациялық округі сотына Қазақстан үкіметінің үстінен шағым түсірді. Бұл туралы баспасөз хабарламаларын тарататын АҚШ-тағы PRNewswire агенттігі хабарлады.

PRNewswire жариялаған Jysan Holding компаниясының мәлімдемесіне қарағанда, компания шағымында Қазақстан үкіметін "өзінің және үкіметке қатысы бар тұлғалардың жеке бас пайдасына компанияның 1,5 миллиард доллар активін тартып алу үшін қорқытып-үркіту науқанын жүргізді" деп айыптайды.

Сонымен қатар шағымда "Қазақстан үкіметі қорқытып-үркіту, қолдан жасалған сот процестері, қылмыстық және азаматтық іс қозғау, және активтер мен Jusan тобы иелік ететін Jusan Bank заңды түрде бөлуді жоспарлаған 387 миллион доллар көлеміндегі дивидендті заңсыз бұғаттау арқылы Jysan Holding және New Generation Foundation қоры мен Jusan тобына кіретін өзге еншілес ұйымдардың активтерін заңсыз жолмен басып алмақ болды" делінеді.

Шағымда аты аталатын Невадада орналасқан New Generation Foundation қоры – Jysan Holding компаниясының жалғыз меншік иесі. Jysan Holding баспасөз хабарламасында бұл қор елдегі Назарбаев университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін құрылған деп көрсетілген.

Jysan Holding өкілі баспасөз хабарламасында Jusan тобының қаржысы бұғатталса, елде "Батысқа бағыталған білім беру ұйымдары қаржы қолдауынан айырылады" деген.

Қазақстан үкіметі әзірше Jusan тобының шағымы жайлы түсініктеме бермеді. Азаттық Jusan Technologies пен Jysan Holding компанияларының шағымы туралы сұрақтарды Қазақстанның бас прокуратурасы мен әділет министрлігіне жолдады. Алайда жаңалық шыққанға дейін жауап келмеді.

16 ақпан күні бас прокуратура Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша, Алматыдағы Бостандық ауданы соты Pioneer Capital Invest ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы First Heartland Jusan Bank АҚ-ның, сондай-ақ оған қатысы бар ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы азаматтық іс қозғағанын хабарлады.

Прокуратура Jusan Bank-тің шетелдегі акциясын кімнен қайтармақ?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:32 0:00

Бас прокуратураның хабарлауынша, 2020 жылғы 27 сәуірде Jusan тобының иесі Pioneer Capital Invest ЖШС қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген Jusan Technologies ltd компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған.

"Бұл әрекеттер қоғамдық мүддеге, оның ішінде "Назарбаев университеті" мен "Назарбаев зияткерлік мектептерінің" ондаған мың студенті мен оқушысының мүддесіне қауіп төндірді. Себебі Jusan тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері – аталмыш оқу орындарын қаржыландыру көздерінің бірі" делінген бас прокуратураның мәлімдемесінде.

Сонымен қатар бас прокуратура 3 ақпанда "Назарбаев қоры" Jusan тобы шетелдік азаматтардың бақылауына өтіп кету фактісі бойынша прокурорлық тексеру жүргізуді сұрап, бас прокуратураға арыз түсіргенін мәлімдеді.

Биыл қаңтарда "Назарбаев қорының" басшысы Аслан Сәрінжіпов қордың Jusan Bank-тегі активтерін әлдекімдер заңсыз бақылауына алғанын айтқан. "Бізді заңсыз жұмыстан шығарып жіберді, ал Jusan Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстаннан гөрі өздеріне қауіпсіз елге қоныс аударуды ұйғарған адамдардың бақылауына көшті" деді Сәрінжіпов. Бірақ ол "Қаңтар оқиғасынан" кейін Қазақстаннан кетті деп, кімді тұспалдағаны белгісіз.

"Назарбаев қоры" "активтерді қайтару үшін" АҚШ сотына жүгінгені де хабарланды.

2 ақпанда Қазақстанның қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Jusan "Назарбаев қорының" бақылауында екенін айтты.

Былтыр Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Vlast.kz және Kloop.kg басылымымен бірлесіп жасаған зерттеуінде Назарбаев қайырымдылық қорлары арқылы үлкен пайдаға кенеліп отыр деген тұжырым жасады. Онда Jusan Technologies-ке кіретін активтердің жалпы құны 7,8 млрд доллар делінген.

Алматы қаласының прокуроры Қазақстанда Назарбаев пен оның туыстарына ерекше иммунитет берген және бірінші президент қоры мен Назарбаев құрылтайшысы болған басқа да ұйымдардың мүлкін қол сұғудан қорғаған "Тұңғыш президент – Елбасы туралы" заң жойылған тұста шағым түсіріп отыр.

Прокуратура шағымында аталатын Pioneer Capital Invest ЖШС құрылтайшыларының бірі – "Назарбаев қоры" жекеменшік қоры. Pioneer Capital Invest ЖШС Ұлыбританияда орналасқан Jusan Technologies компаниясы құрылғалы бері оның акционерлерінің бірі болған. Бірақ компанияның биыл қаңтар айындағы құжатына қарағанда, Pioneer Capital Invest енді Jusan Technologies компаниясы акционерлері қатарында жоқ.

Басқа да жаңалықтар

Азаттық журналисі Қырым түрмесінен бостандыққа шықты

Ресей аннексиялап алған Қырымда төрт жыл түрмеде отырып, бостандыққа шыққан Азаттық радиосының журналисі Владислав Есипенко
Ресей аннексиялап алған Қырымда төрт жыл түрмеде отырып, бостандыққа шыққан Азаттық радиосының журналисі Владислав Есипенко

Азаттық радиосы "Крым.Реалии" редакциясының журналисі Владислав Есипенко төрт жыл абақтыда отырғаннан кейін бостандыққа шықты. Ресей билігі Қырымды аннексиялаған соң оны Украинаның барлау қызметіне ақпарат жинады деп айыптап, түрмеге қамаған. Есипенко өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.

Ресей мен Украина азаматтығы бар Владислав Есипенконы Ресейге қарасты Қырым билігі 2021 жылы наурызда ұстады. 2022 жылы ақпанда Қырымдағы ресейшіл сот оны "тыңшылық жасады" деген айыппен алты жылға бостандығынан айырды. Кейін Мәскеудегі сот жаза мерзімін бес жыл етіп қысқартқан. Бұған қоса оған "жарылғыш заттар сақтады және тасымалдады" деген айыптар тағылды.

Азаттық радиосы мен адам құқықтарын қорғаушы ұйымдар журналиске қолдан жасалған айыптар тағылды деп мәлімдеді. Сот процесінде Есипенко тергеушілер оған жалған айыпты мойындату үшін электрошок қолданып, азаптағанын айтып куәлік берді.

Азат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының басшылығы журналисті босатуға атсалысқан АҚШ пен Украина үкіметтеріне алғыс білдірді.

"Владислав ешбір қылмыс жасамаса да төрт жылдан астам уақыт бойы негізсіз қамауда отырды. Оны Ресей басып алған Қырымда болып жатқан оқиғалар жайлы шындықты айтқаны үшін аса ауыр жазаға тартты. Осы үшін оған физикалық және психологиялық азап көрсетілді. Біз оның жары Екатеринамен және қызы Стефаниямен қайта қауышқанына қуаныштымыз, бірақ ресейлік биліктің оның отбасына келтірген азабын ұмыта алмаймыз", — деді Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Стивен Капус.

  • 2022 жылы қарашада Украина прокуроры журналист Владислав Есипенконы заңсыз ұстау және азаптауға қатысы бар Ресей федерациясы қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) қызметкеріне қарсы қылмыстық іс қозғаған. Ал 2023 жылы қыркүйекте Еуропа одағы бұл іске қатысы бар алты адамға — екі судья, бір прокурор және екі ФСБ қызметкеріне санкциялар енгізген.

Дамаскідегі католик шіркеуінде мінәжат кезінде жанкешті өзін жарып жіберді

Жанкешті шабуыл жасаған шіркеудің ішінде тұрған адамдар. Дамаск, Сирия, 22 маусым, 2025 жыл.
Жанкешті шабуыл жасаған шіркеудің ішінде тұрған адамдар. Дамаск, Сирия, 22 маусым, 2025 жыл.

22 маусым күні Дамаскідегі әулие Илия грек-католик шіркеуінде жарылыс болды. Куәгерлердің айтуынша, діни рәсім кезінде ғимарат ішінде жанкешті өзін жарып жіберген. Жарылыс алдында ол шіркеуге жиналған адамдарға оқ атқан.

Жексенбі кешіндегі мәлімет бойынша, 20 адамның қаза тауып, ондаған адам жараланған деп жазды Reuters агенттігі. Сирияның мемлекеттік САНА агенттігінің хабарлауынша, билік бұл шабуылға көптеген елде террористік ұйым деп танылған "Ислам мемлекеті" тобының қатысы бар деп мәлімдеген.

Бұл оқиға 2024 жылғы желтоқсанда Сирияда Башар Асад режимі құлатылғаннан кейін Дамаскіде жасалған алғашқы жанкештілік шабуыл болды.

АҚШ соққылаған Ирандағы Фордо ядролық орталығының спутниктен түсірілген суреттері жарияланды

Фордо уран байыту зауытының маңындағы жүк көліктері, Иран, 20 маусым, 2025 жыл
Фордо уран байыту зауытының маңындағы жүк көліктері, Иран, 20 маусым, 2025 жыл

22 маусымға қараған түні АҚШ соққылаған Ирандағы Фордо ядролық орталығының спутниктен түсірілген суреттері жарияланды. Суреттерден нысан орналасқан тау массиві, кешеннің сыртқы бөлігі мен туннельге кіреберіс бүлінгені көрінеді.

Дегенмен нысанның қаншалықты бүлінгені әзірге белгісіз.

Бұған дейін Иран мемлекеттік телерадиокешені басшысының орынбасары Хасан Абедини Иран билігі үш ядролық нысаннан соққы жасалмай тұрып материалдарды алып кеткенін мәлімдеген.

"Байытылған уран қоры ядролық орталықтан әкетілген, ол жақта ешқандай материал қалған жоқ. Егер оларды нысанаға алған болса, радиация тарап, отандастырымызға зиян келтіруі мүмкін еді" деді Хасан Абедини. Оның сөзінен Reuters үзінді келтіреді.

Иран парламентінің кеңесшісі Мехди Мохаммад Тегеран Фордоға соққы жасалатынын алдын ала сезіп, ондағы мамандары мен материаларды көшіргенін айтты. Оның сөзінше, шабуылдың салдары аса ауыр емес.

Спутниктен бақылау жасау қызметін көрсетін Maxar компаниясы соққыға дейін екі күн бұрын Фордо зауыты аумағында көліктердің ерекше көп екенін тіркеген. Бұл кәсіпорыннан байытылған уран тасымалданғанын дәлелдеуі мүмкін.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) АҚШ соққысынан кейін Иран аумағында жоғары радиация тіркелмегенін мәлімдеді.

NBC News: АҚШ Иранның қарымта шабуылына дайындалып жатыр

Дональд Трамп соққыдан кейін халыққа үндеу жасап тұр.
Дональд Трамп соққыдан кейін халыққа үндеу жасап тұр.

Президент Дональд Трамп әкімшілігі Иранның қарымта шабуылына дайындалып жатыр. Алдағы 48 сағат ерекше күрделі болмақ. Бұл жөнінде Пентагон мен Ақ үйдегі дереккөздерге сүйенген NBC News жазды.

Дереккөздердің айтуынша, Иран АҚШ-тың сырттағы ядролық нысандарын нысанаға ала ма әлде ел ішіндегілерін көздей ме, ол жағы әзірге белгісіз.

Американың әскери базалары бірнеше айдан бері жоғары әскери дайындық режимінде. Бірақ Ақ үйдегі дереккөздердің айтуынша, алаңдаушылық 13 маусымда Израиль Иранға қарсы әскери қимыл бастаған кезде күшейген.

Ал Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи АҚШ бейбіт ядролық бағдарлама нысанына шабуылдап, ядролық қаруды таратпау режимі мен халықаралық құқықты өрескел бұзды деп мәлімдеді.

"Бүгін таңертеңгі болған оқиға – бассыздық. Оның салдары ұзаққа бармақ. БҰҰ-ның әрбір мүшесі осы аса қауіпті, заңсыз, қылмысқа алаңдауы керек" деп жазды Аракчи X желісінде.

Иранның БҰҰ-дағы тұрақты өкілдігі АҚШ соққысына байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізуді ұсынды.

Америка әскері 22 маусымға қараған түні Иранның Фордо, Натанз және Исфахандағы үш ядролық нысанына шабуылдаған. Фордоға B-2 жойғыш ұшағы шабуылдаған, олар алты ауыр бомба тастаған.

АҚШ президенті Дональд Трамп барлық нысандар жойылғанын мәлімдеп, Тегеранды келіссөзге шақырды. Иран билігі шабуыл болғанын растап, Фордодағы нысан соққы болмай тұрып эвакуацияланғанын хабарлады. Әзірге ядролық нысандардың қаншалықты бүлінгені жөнінде тәуелсіз дереккөзден ақпарат жоқ.

Астанада жеңіл моторлы ұшағы апатынан екі адам қаза болды

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

22 маусымда сағат 11:30 шамасында Астананың Жоламан аэродромы маңында оқу-жаттығу кезінде TL-2000 жеңіл моторлы ұшағы апатқа ұшырап, экипаж мүшелері - екі адам қаза болды.

Көлік министрлігінің хабарлауынша, оқиғаның жай-жапсарын анықтап, тексеру үшін арнайы комиссия құрылған. Ұшақ жеке тұлғаға тиесілі болған.

"Көлік министрлігіне қарасты көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті қызметкерлері авиациялық оқиғаға орнына барады" деп жазылған ресми хабарламада.

Украинада Ресей әскері соққысынан екі адам қаза болды

Ресей әскері соққысынан бүлінген ғимаратты тазалап жатқан тұрғындар. Краматорск қыркүйек, 2025 жыл.
Ресей әскері соққысынан бүлінген ғимаратты тазалап жатқан тұрғындар. Краматорск қыркүйек, 2025 жыл.

Ресей әскері жексенбі, 22 маусымға қараған түні Украинаға әуеден соққы жасады. Нәтижесінде кемінде екі адам қаза болған. Жараланғандар да бар. Донецк облысының Славянск еллді мекенінде 17 жастағы жасөспірім қаза болған, тағы үш адам жараланған. Ондаған азаматтық инфрақұрылым нысаны бүлінді деп хабарлады Донецк облысы әкімшілігінің жетекшісі Вадим Филашкин.

"Славянскіде 17 жастағы бозбала қаза болды, үш адам жараланды. 32 жеке үй, 2 әкімшілік ғимарат, 4 көп қабатты тұрғын үй, өндіріс ғимараттары, 3 көлік бүлінді" деп жазды Филашкин өзінің телеграм-арнасында.

Сенбі күні кешке Ресей әскері Донецк облысы Краматорскідегі көп қабатты тұрғын үйге соққы жасаған. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер бар, үйінді астында кемінде бір адам болуы мүмкін.

Ал Харьков облысының Старый Салтов елді мекенінде Ресей әскері соққысынан ер адам қаза болған. Бұл жөнінде облыстық әскери әкімшіліктің жетекшісі Олег Синегубов хабарлады.

NYT: Аятолла Хаменеи өзі қаза болған жағдайда орнын кім басатынын айқындап қойған

Әли Хаменеи
Әли Хаменеи

Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи өзі қаза болған жағдайда өзінің орнын басатын үш үміткерді айқындап қойған.

Бұл жөнінде Тегерандағы дереккөздерге сүйенген New York Times жазды. Мақала авторларының тұжырымдауынша, Хаменеи рухани көсем қызметінен үміткер үш адам мен әскерді басқара алатын қолбасшылар тізімін әзірлеп қойған.

“Қазір ел соғыс жағдайында отыр, аятолла биліктің жылдам, ретті түрде ауысқанын қалайды және өзінің мұрасын сақтап қалғысы келеді” деп жазылған мақалада.

Соғыс басталғалы бері Хаменеи екі рет алдын ала жазылған видео мәлімдеме жасаған. Әдетте ол Тегеран орталығындағы күзеті күшті кешенде отырады және уағыз айту сияқты жағдайларда ғана ғимараттан шығады.

Осыған дейін ақпарат құралдары Әли Хаменеи күзеті күшті ерекше құпия орынға ауыстырылғанын жазған.

Израиль Әли Хаменеиді нысанаға алғанын жоққа шығармаған.

Аятолла Али Хаменеи кім?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:35 0:00

Иран Израильмен қақтығыс басталғалы бері кемінде 430 адам қаза болғанын хабарлады

Тегеран үстінен қарап тұрған адам. 16 маусым 2025 жыл.
Тегеран үстінен қарап тұрған адам. 16 маусым 2025 жыл.

Иран денсаулық сақтау министрлігі Израильмен қақтығыс басталғалы бері кемінде 430 адам қаза болып, тағы 3500 адам жарақаттанғанын хабарлады.

Иран кейінгі бірнеше күнде алғаш рет қаза болғандар туралы мәлімет айтып отыр.

Бұған дейін Иран 224 адам қаза болғанын хабарлаған. Ал Иран белсенділерінің АҚШ-та орналасқан Human Rights Activists News Agency ұйымының есебінше, Иранда шабуылдан 263 бейбіт тұрғын, 154 қорғаныс қызметкерлері және нақтыланбаған 224 адам қаза болған.

Бұған қоса, 1300-ден аса адам жараланғаны айтылды. Ұйым бұл статистика ресми деректер мен жергілікті ақпараттар негізінде жасалды дейді.

Израиль Ирандағы бейбіт азаматтардың қазасына қатысты мәліметке түсініктеме бермеді.

Израильдің ресми дерегі бойынша, Иранның шабуылынан 24 адам қаза тапқан. Тель-Авивтің мәліметінше, 13 маусымнан бері Иран Израильге 400 ракетамен шабуылдаған.

Израиль Тегеран уран өндірісін шамадан тыс арттырып, ядролық қару жасап жатыр деп мәлімдеп, 13 маусымда Иранның ядролық нысандары мен ядролық бағдарламаға қатысы бар делінген ғалымдарды өлтірген. Шабуыл кезінде бейбіт азаматтар да қаза болған. Содан бері екі жақ бір-біріне алма кезек соққы жасап келеді. Иран сыртқы істер министрлігі 16 маусымдағы мәлімдемесінде ядролық бағдарлама тек азаматтық мақсат көздейді дегенді қайталаған.

Мұрат Боранбаев қылмыстық жауапкершіліктен босатылды

Қайрат Боранбаевтың бауыры Мұрат Боранбаев келтірген шығынды толтырып, қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Бас прокуратураға қарасты активтерді қайтару жөніндегі комитет Қазақпаратқа жіберген жазбаша жауабында осылай деп мәлімдеген.

Комитеттің айтуынша, 2024 жылы желтоқсанда Мұрат Боранбаев активтерді қайтару жөніндегі комитетке барған. Өз кінәсін мойындап, заңсыз алынған активтерді қайтару туралы процессуалдық келісімге қол қойған.

Алматының Алмалы аудандық соты биыл ақпан соңында Мұрат Боранбаевты “кінәні мойындау және заңсыз алынған активтерді қайтару туралы процессуалдық келісім шарттарын орындағандықтан” оны қылмыстық жауапкершіліктен босатқан.

Бір күн бұрын оның былтыр желтоқсанда ұсталғаны белгілі болған еді.

Мұрат Боранбаев 2017 жылы Алматыдағы тұрақтардың операторы Alan parking компаниясына жетекшілік еткен. 2022 жылы ақылы тұрақтар қала меншігіне қайтарылып, ҚМА Мұрат Боранбаевқа іздеу жариялаған. Ол Алматыдағы ақылы тұрақтар ісі бойынша күдікке ілінген.

2021 жылы желтоқсанда бұрынғы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевқа тиесілі RR2 компаниясы AlanParking-тің 30% үлесін сатып алған. 2022 жылы AlanParking-тің бас директоры Мұхтар Базарбаев пен "Алматы спецтехпаркинг сервис" директоры Марат Пірінбеков қамалды. Олар ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген.

Сол жылы сәуірде Алматы әкімдігі ақылы тұрақтарды қала меншігіне қайтару туралы қаулы шығарған. Осылайша "Алматы спецтехпаркинг сервис" компаниясының 70% және Alan Parking 100% қала меншігіне қайтарылды.

Бір жылдан кейін сот Марат Пірінбековті – 5 жылға, Мұхтар Базарбаевты 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ол кезде айыпталушылар мемлекетке 436 млн теңге көлемінде шығып келтіргені хабарланған.

Қайрат Боранбаев 2023 жылы наурызда 8 жыл түрмеге кесілді. Сол жылы қыркүйекте апелляциялық сот оның жазасын 6 жылға қысқартты. Оның “мемлекетке келтірген шығынды толтырғаны” хабарланды. Ізінше кәсіпкердің түрме жазасы шектеу жазасына ауыстырып, қамаудан босап шыққан.

Қырғызстан СІМ: АҚШ-та туристік және студенттік виза талаптарын бұзған қырғыз азаматтары көбейді

Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты.
Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің ғимараты.

АҚШ ішкі қауіпсіздік департаментінің мәліметінше, кейінгі жылдары туристік (B1/B2) және студенттік (F, J, M) визаларды қоса алғанда, визалық тәртіпті бұзған қырғыз мигранттарының саны артқан. Қырғызстан сыртқы істер министрлігі 20 маусымда мәлімдеме жасап, АҚШ-тағы азаматтарын заңдарды қатаң сақтауға шақырды деп жазды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Министрлік виза режимін сақтамаудың теріс салдары болуы мүмкін екенін және "ол ереже бұзушылар ғана емес, АҚШ-қа барғысы келетін басқа азаматтар үшін де виза алуды қиындататынын атап өткен".

Дипломатиялық мекеме АҚШ-пен виза және көші-қон мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыратынын мәлімдеді.

Бұған дейін АҚШ өзге 36 елмен қатар Қырғызстан азаматтарының да өз аумағына кіруіне тыйым салуы мүмкін екенін мәлімдеген. 15 маусымда АҚШ мемлекеттік департаментінің хатына сілтеме жасаған Washington Post басылымы Қырғызстан, Мысыр, Джибути, Камерун, Нигерия, Сирия, Танзания және Африка, Кариб теңізі және Тынық мұхитындағы басқа да елдер тізімде барын жазған.

14 маусымда тізімдегі елдермен жұмыс істейтін дипломаттарға мемлекеттік хатшы Марко Рубио қол қойған хат табыс етілген. Онда бұл елдерге Вашингтонның жаңа талаптарын орындау үшін 60 күн берілетіні айтылған.

Сыртқы істер министрлігі 16 маусымда АҚШ-тан бұл мәселеге қатысты ресми мәлімдеме алмағанын және тізімнің қалай жасалғаны Қырғызстанға «түсініксіз» екенін айтты. Агенттік мәселені талқылау үшін АҚШ елшілігінің консулын шақырған.

18 маусымда Қырғызстанның АҚШ-тағы елшісі Айбек Молдоғазиев АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісінің орынбасары Джон Марк Поммершайммен де осы мәселелерді талқылады.

Иран мен Израиль бір-біріне тағы соққы жасады

Иран соққысынан бүлінген нысан. Израиль, Хайфа қаласы. 20 маусым 2025 жыл
Иран соққысынан бүлінген нысан. Израиль, Хайфа қаласы. 20 маусым 2025 жыл

Иран мен Израиль бір-бірін тағы соққылады. Сенбіге қараған түні Тель-Авивте атып түсірілген ракетаның бөлшектері тұрғын үйге түсіп, өрт шыққан. Нақты қай аудан екені айтылмайды. Ешкім зардап шекпеген.

Сенбі таңға қарай Израиль де Иранды атқылап, Исфахан, Тегеран және Қом қалаларына шабуыл жасаған. Қом қаласына жасалған шабуылдан екі адам қаза болған, төрт адам жараланған.

Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) палестиналық бөлімшесінің жетекшісі Саид Изади Қом қаласындағы пәтерінде өлтірілді деп мәлімдеді.

Кацтың сөзінше, Изади 7 қазан күнгі “ХАМАС шабуылын қаржыландырып, қару-жарақпен қамтамасыз еткен”.

Иран жағы әзірге бұл жөнінде мәлімдеме таратпады.

BBC-дің жазуынша, Қом провинциясында Иранның қатты қорғалған ядролық нысандарының бірі Фордо жерасты зауыты орналасқан. Ядролық зерттеу кешені орналасқан Исфахан да атқыланған.

Соққы Женевада өткен бірнеше сағатқа созылған нәтижесіз келіссөзден кейін жасалды.

Сенбі күні Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Иран мен Израиль қақтығысын Стамбұлда Араб елдерінің лигасы өкілдерімен талқылайды. Дүйсенбі күні Мәскеуге баруы мүмкін.

Путин Ресей Украинаның Сумы қаласын басып алуға талпынып жатқанын жоққа шығармады

Ресей президенті Владимир Путин форум кезінде. 20 маусым 2025
Ресей президенті Владимир Путин форум кезінде. 20 маусым 2025

Ресей президенті Владимир Путин Ресей әскері Украинаның солтүстігіндегі Сумы қаласын басып алуға талпынып жатқанын жоққа шығармады.

"Бізде ондай міндет жоқ, бірақ жалпы мұны жоққа шығармаймын" деді ол жұма күні Петербург халықаралық экономикалық форумы кезінде.

Путиннің сөзінше, Ресей Сумы облысында шекарадан 12 шақырымға дейін "қауіпсіздік аймағын" құруға тырысып жатыр.

"Олар [Украина қарулы күштері] бізге Курск облысына еніп, қылмыс жасады. Оларды қуып шықтық. Ал енді біз аймақ құруға мәжбүрміз" деді Путин.

Сумы – соғысқа дейін 255 мың халқы болған Сумы облысының орталығы. Мәскеу 2022 жылдан бері мұндай ірі елді мекенді басып алмаған. 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргелі бері Украинаның бір ғана облыс орталығы - Херсонды ғана басып ала алған. Ресей әскері кейін одан шегінген.

Қайрат Боранбаевтың бауыры ұсталды

Azerbaijan-handcuff
Azerbaijan-handcuff

Қаржы мониторинг агенттігіне (ҚМА) сүйенген Tengrinews-дың жазуынша, Мұрат Боранбаев былтыр 24 желтоқсанда ұсталған. Бірақ ол жөнінде қазір белгілі болып отыр.

Мұрат Боранбаев 2017 жылы Алматыдағы тұрақтардың операторы Alan parking компаниясына жетекшілік еткен. 2022 жылы ақылы тұрақтар қала меншігіне қайтарылып, ҚМА Мұрат Боранбаевқа іздеу жариялаған. Оның нақты қандай бап бойынша күдікке ілінгені белгісіз.

2021 жылы желтоқсанда бұрынғы президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаевқа тиесілі RR2 компаниясы AlanParking-тің 30% үлесін сатып алған. 2022 жылы AlanParking-тің бас директоры Мұхтар Базарбаев пен "Алматы спецтехпаркинг сервис" директоры Марат Пірінбеков қамалды. Олар ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінген.

Сол жылы сәуірде Алматы әкімдігі ақылы тұрақтарды қала меншігіне қайтару туралы қаулы шығарған. Осылайша "Алматы спецтехпаркинг сервис" компаниясының 70% және Alan Parking 100% қала меншігіне қайтарылды.

Бір жылдан кейін сот Марат Пірінбековті – 5 жылға, Мұхтар Базарбаевты 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ол кезде айыпталушылар мемлекетке 436 млн теңге көлемінде шығып келтіргені хабарланған.

Қайрат Боранбаев 2023 жылы наурызда 8 жыл түрмеге кесілді. Сол жылы қыркүйекте апелляциялық сот оның жазасын 6 жылға қысқартты. Оның “мемлекетке келтірген шығынды толтырғаны” хабарланды. Ізінше кәсіпкердің түрме жазасы шектеу жазасына ауыстырып, қамаудан босап шыққан.

Женевада Иран, Ұлыбритания мен ЕО өкілдері келіссөз өткізді

Келіссөзден кейін ақпарат құралдарына сұхбат беріп тұрған Франция, Германия және Ұлыбритания өкілдері.
Келіссөзден кейін ақпарат құралдарына сұхбат беріп тұрған Франция, Германия және Ұлыбритания өкілдері.

20 маусымда Женевада Иран сыртқы істер министрі мен Ұлыбритания, Франция, Германия сыртқы істер министрлерінің келіссөзі өтті.

Келіссөзге қатысушылар Иранды АҚШ-пен келіссөзге оралуға шақырды. Бұған дейін Тегеран Израиль шабуылын тоқтатпаса, соққыны доғармайтынын мәлімдеген еді.

Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми Еуропа елдері Иранға ядролық қаруды иелене алмайтынын “айқын жеткізгенін” мәлімдеді. Тегеран ұзақ жылдардан бері әскери ядролық бағдарлама барын ресми түрде жоққа шығарып келеді.

Еуроодақтың сыртқы істер бойынша жоғарғы өкілі Кая Калластың айтуынша, тараптар Женевада “ядролық және одан да басқа ірі мәселелер бойынша” байланысты жалғастыруға келіскен. Лэмми пікірталасты “конструктивті” деп атады.

Ал Аракчидің өзі “басқыншылық тоқтатылған кезде ғана” Иран дипломатияға дайын деп мәлімдеді. “Басқыншы қылмысы үшін жауап береді” деді ол.

Айдос Садықовтың өліміне қатысты істе үшінші күдікті жоқ – Киев бас прокуратурасы

Алматыда бір топ белсенді Киевте қастандықтан қаза болған оппозициялық белсенді Айдос Садықовты еске алып, ас берген сәттен фото. 7 шілде 2024 жыл.
Алматыда бір топ белсенді Киевте қастандықтан қаза болған оппозициялық белсенді Айдос Садықовты еске алып, ас берген сәттен фото. 7 шілде 2024 жыл.

Оппозициялық блогер, "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовтың қазасына қатысты қылмыстық істе "үшінші күдікті жоқ" деп хабарлады Киев қаласының прокуратурасы Азаттыққа.

18 маусымда "Бәсе" арнасы Садықовтың қазасына қатысы болуы мүмкін тағы бір "адамның аты-жөнін жариялап, ол журналистің отбасын Прагада аңдығанын" хабарлаған еді. Арна жариялаған видеода оның суреті мен аты-жөні толық көрсетілген.

Ал Киев прокуратурасы Азаттыққа Садықовтың өліміне Қазақстан азаматтары Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаев күдікті дейді.

19 маусымда Украинаның бас прокуратурасы Азаттыққа Садықовтың қазасына күдіктілер Украинадан шығып кетіп, оларға іздеу жарияланғандықтан сотқа дейінгі тергеуді тоқтап тұрғанын хабарлаған еді. Украина бас прокуратурасы да істе екі күдікті барын айтқан.

2024 жылғы 18 маусымда бір миллионнан астам жазылушысы бар оппозициялық "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты Киевтегі үйінің маңында атып кеткен. Басына оқ тиіп, ауыр жараланған белсенді 2 шілдеде ауруханада көз жұмды.

Сол кезде Украина бас прокуратурасы Садықовтың қазасына қазақстандық Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты күдікті ретінде атаған. Кейін Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, өз еркімен берілді деп хабарлаған.

Украиналық адвокат Дмитрий Моргун мамыр айында "Бәсе" арнасына берген сұхбатында Украина жағы Қазақстанға бір жыл ішінде үш рет сұрау салғанын, Қазақстанның құзырлы органдары тиісті дәрежеде қимылдамай отырғанын айтқан. Үш сұраудың негізгісі былтыр желтоқсанда берілген.

Маусым айының басында Қазақстан бас прокуратурасы Азаттыққа жолдаған жазбаша жауабында "сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын, тергеу құпиялығына байланысты басқа ақпарат жарияланбайтынын" айтты.

Садықов пен әйелі Наталья Садықова Қазақстаннан кетіп, Украинадан босқын мәртебесін алған. Ерлі-зайыпты Киевте жүріп "Бәсе" YouTube-арнасын ашып, Қазақстан билігін ашық сынайтын видеолар жариялап жүрген. Қазақстан ерлі-зайыпты Наталья және Айдос Садықовтарға іздеу жариялаған еді.

Былтыр Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, қастандық "Тоқаевтың арында" деп мәлімдеген. Астана қастандықтың артында Қазақстан билігі тұр деген айыптауды жоққа шығарған. Қазақстанның тиісті органдары аталған іс бойынша мәліметті өте сирек береді.

Азаттық ашық дереккөздерден күдіктілерге тиесілі деген нөмірлерді тауып, ол нөмірлер өзге адамдардың телефондарында "арнайы жасақ", "собр", "капитан", "снайпер" немесе "Алтай Сырбар КНБ", "Алтай КНБ" деген қосымша ақпаратпен сақталғанын анықтаған еді. ҰҚК Азаттыққа Қаратаев пен Жақанбаев ҰҚК құрамында жұмыс істемейтінін, одан басқа ақпарат бере алмайтынын мәлімдеген.

Тағы

XS
SM
MD
LG